23 маусым күні Грузия соты елдегі оппозициялық партиялардың үш көшбасшысын: "Лело – қуатты Грузия" партиясының негізін салушылар Мамука Хазарадзе мен Бадри Джапаридзені сегіз айға, ал "Гирчи" партиясының негізін қалаушы Зураб Джапаридзені жеті айға бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұған қоса оларға мемлекеттік лауазым атқаруға екі жылға тыйым салынды, деп хабарлады Азаттықтың "Эко Кавказа" сайты.
Оппозициялық саясаткерлер бұрынғы үкіметтің іс-әрекеттерін зерттеген парламенттік тергеу комиссиясының отырысына қатыспағаны үшін сотталды.
Зураб Джапаридзе үкім шыққан сәтте қамауда болған. Ал Хазарадзе мен Бадри Джапаридзені дүйсенбі күні кешке Тбилисидегі партия кеңсесінде ұстап, алып кеткен. Бұл кезде кеңседе олардың жақтастары, өзге оппозициялық күштердің өкілдері және Грузияның бесінші президенті Саломе Зурабишвили де болған.
Оппозициялық саясаткерлер өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істі саяси қудалау деп есептейді.