Accessibility links

АҚШ Иранның ірі ядролық нысандарын бомбалады


АҚШ Иранның ірі үш ядролық нысанын бомбалады. Халыққа үндеуінде АҚШ президенті Дональд Трамп "Иран бейбіт келісім жасауы керек" деп мәлімдеді. Иран "қарсылас жақтың ядролық нысандарға шабуылын" растады.

АҚШ әуе әскери күштері Фордо, Натанз және Исфахандағы нысандарға шабуыл жасаған.

“Бомба негізгі нысан Фордоға тасталды” деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

АҚШ әуе әскери күштерінің ұшақтары Иранның әуе кеңістігінен шығып кетті деді ол.

Америка әуе әскери күштері Иранның ірі үш ядролық нысанын бомбалағаннан кейін екі сағаттан соң халыққа үндеу жасаған АҚШ президенті Дональд Трамп бомбалауды “керемет табыс” деп атады.

Оның сөзінше, — Фордо, Натанз, Исфахан – “керемет әскери табыстың” нәтижесінде “толық жойылған”.

Соққы жасалған Ирандағы үш ядролық нысан. Ағылшын тілінде.
Соққы жасалған Ирандағы үш ядролық нысан. Ағылшын тілінде.

Енді Иран бейбіт келісім жасауы керек деді ол. Иранда соққылайтын тағы нысаналар қалғанын атап өтіп, әрі қарайғы шабуылдар бұдан да тегеурінді болады деді.

"Иранда не бейбітшілік не кейінгі сегіз күнде бақылаған жағдайдан ауқымды трагедия болады" деді ол.

Ол АҚШ пен Израиль әскеріне алғыс айтып, АҚШ “терроризммен күрес үшін ұзақ уақыт мұндай шараларға жүгінбейтін болар” деп үміттенетінін жеткізді.

Трамп үндеу кезінде Тегерандағы биліктің ауысу ықтималдығы туралы тіке айтқан жоқ. Есесіне Иран келіссөз үстеліне отырған жағдайда операция аяқталады деп санайтынын меңзеді.

АҚШ аймақта әскери күштері мен құралдарын көбейткенін алға тартқан Трамп Вашингтон тиісті жағдайда жылдам қимылдауға дайын деді.

Оның үндеуі бірнеше минутқа созылды. Үндеу кезінде оның жанында вице-президент Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен қорғаныс министрі Пит Хегсет тұрды.

АҚШ президенті Дональд Трамп үндеу жасап тұр. 21 маусым (Алматы уақытымен 22 маусымда ) 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп үндеу жасап тұр. 21 маусым (Алматы уақытымен 22 маусымда ) 2025 жыл.

Дереккөздерге сүйенген америкалық Fox News арнасы жер астында орналасқан Фордо нысанына шабуыл кезінде АҚШ GBU-57 ауыр бомбасын пайдаланғанын хабарлады. Бомбаны америкалық көзге түспейтін B-2 стратегиялық жойғыш ұшағы тастаған. Әрбір ауыр бомбаның салмағы 13 тоннадан асады.

Иранның Исфахан мен Натанздағы ядролық нысандарына шабуылға шамамен 30 Tomahawk қанатты ракетасы қатысқан, олар "Огайо" суасты қайығынан ұшырылған.

Халықаралық ақпарат агенттіктерінің жазуынша, Америка әскері Иранның үш ядролық нысанына соққы жасағаннан кейін Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефонмен сөйлескен. АҚШ Ирандағы нысандарға соққы жасайтынын Израильге хабарлаған.

ИРАННЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Иран Фордо, Натанз және Исфахандағы ядролық нысандарға соққы жасалғанын растады.

“Бірнеше сағат бұрын Қомда әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі іске қосылып, Фордо ядролық нысанының бір бөлігіне шабуыл жасалды” деді Қом провинциясындағы дағдарысты басқару штабының баспасөз хатшысы.

Исфахан провинциясындағы ресми тұлғалар да “Исфахан мен Натанзедегі ядролық нысандарға қарсылас шабуыл жасағанын” мәлімдеді. Мұны Иран мемлекеттік телеарнасына сүйенген AFP жазды.

Ядролық нысандардың қаншалықты бүлінгені белгісіз. Иран ақпарат құралдарының жазуынша, Фордо жер астында – 90 метр тереңдікте жатыр және Америка авиациясының соққысына төзімді.

Иранның мемлекеттік Irna телеарнасының тілшісі уранды байытатын Форда зауыты маңына барып көрген. Онда сәл түтін көрінеді деп жазды BBC.

МАГАТЭ АҚШ соққылаған ирандық ядролық нысандардан жоғары радиация тіркелмегенін хабарлады.

Бұған дейін Иран Америка соққы жасаса, жауап беретінін ескерткен. Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи 22 маусымда X желісінде БҰҰ жарғысын алға тартып, Иранның жауап қайтаруға заңды құқығы бар деп мәлімдеді.

"Бүгін таңертеңгі оқиға - бассыздық және оның салдары ұзаққа созылмақ. БҰҰ-ның әрбір мүшесі мұндай қауіпті, заңсыз, қылмысқа алаңдауы керек. БҰҰ жарғысы және оның өзін-өзі қорғау ережелеріне сәйкес, Иранның өзінің егемендігін, мүдделері мен халқын қорғауға құқығы бар" деп жазды Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи X желісінде.

Иран атом энергиясы жөніндегі агенттік АҚШ-тың ядролық нысандарға соққысынан кейін уран байытуды доғармайтынын мәлімдеді.

Reuters агенттіктің мәлімдемесінен үзінді келтірді. Онда Иран “елдің өнеркәсіптік дамуын тежеуге жол бермейді” деп жазылған.

Агенттік АҚШ шабуылын халықаралық құқық пен ядролық қаруды таратпау туралы келісімді бұзу деп атап, МАГАТЭ-ні “салғырттығы үшін” айыптаған.

Хуситтер Иранды қолдайтынын мәлімдеп, АҚШ-қа "жауап беретінін" айтқан. BBC-дің Орыс қызметінің жазуынша, олар "бізге немесе кез келген ислам мемлекетіне қарсы бағытталған кез келген агрессияға жауап береміз" деп мәлімдеген.

АҚШ соққысынан кейін Иран Израильге ракета соққысын жалғастырған. Израиль медицина қызметі Иранның жаңа шабуылынан 16 адам зардап шеккенін хабарлады. Дәрігерлердің дерегін Times of Israel келтіреді. Бір адам - орташа дәрежеде, 15 адам жеңіл жарақат алған.

Израильдің орталық бөлігінде әуе дабылы іске қосылғаннан кейін бірнеше ракета соққысы болған. Арасында Тель-Авив, Иерусалим де бар. Ракеталардың бірі Хайфаға түскен.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ РЕАКЦИЯСЫ

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш X желісінде АҚШ-тың Иранға күш қолдануына алаңдаушылық білдіріп, “аймақта жағдай ушығып кетуі мүмкін” деп ескертті.

“Бұл қақтығыс тез ушығып кетуі мүмкін, ал ол бейбіт тұрғындар, аймақ және әлем үшін салдары ауыр болуы мүмкін” деді.

Ол тараптарды жағдайды ушықтырмауға, халықаралық құқық нормаларын сақтауға үндеді.

“Мұндай қауіпті сәтте хаосқа жол бермеу өте маңызды. Мәселені күшпен шеше алмайсың. Жалғыз жол - дипломатия. Жалғыз үміт – бейбітшілік” деп жазды.

Жексенбі күні күндіз Қазақстан сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Иранға соққысына реакция білдіріп, "барлық келіспеушілік, оның ішінде ядролық мәселелер БҰҰ жарғысы негізінде шешілуі керек деп санаймыз" деп мәлімдеді. Қазақстан “ядролық қарудың таралуына жол бермес үшін” және “оны таратпау режимін ұстанатын мемлекеттердің қауіпсіздігіне кепілдіктер беру мақсатында” тараптарды тезірек келісімге келуге шақырған.

Израиль Тегеран уран өндірісін шамадан тыс арттырып, ядролық қару жасап жатыр деп мәлімдеп, 13 маусымда Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, ядролық бағдарламаға қатысы бар делінген ғалымдарды өлтірген. Шабуыл кезінде бейбіт азаматтар да қаза болған. Содан бері екі жақ бір-біріне алма кезек соққы жасап келеді. Иран сыртқы істер министрлігі 16 маусымдағы мәлімдемесінде ядролық бағдарлама тек азаматтық мақсат көздейді дегенді қайталаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG